Новости

Маңғыстауда жаңа медициналық жобалар іске асырылады

Редакция

29.04.2026

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Chevron компаниясының бизнеске қолдау көрсететін қорының өкілдерін қабылдады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Chevron компаниясының бизнеске қолдау көрсететін қорының өкілдерін қабылдады.

Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бағыттары және денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салаларындағы бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды.

Сапар аясында қор өкілдері Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, ұсынылған жобалармен танысты. Нәтижесінде бірқатар перспективалы бастамалар іріктеліп, оларды одан әрі пысықтау жөнінде келісімдер жасалды.

Іріктелген жобалардың қатарында медициналық бағыттағы бастамалар да бар. Осы ретте қор өкілдері Asiakoz International Hospital клиникасына барып, оның материалдық-техникалық базасымен, көрсетілетін қызмет түрлерімен және даму жоспарларымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Маңғыстау облысында сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметті дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Айта кету қажет, Chevron компаниясы бұған дейін де Маңғыстау өңірінде әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырып, медицина саласына шамамен 40 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағыттаған.

Аталған жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.


Редакция

Топ-тема