21 сәуір күні Алматыда Unico Play онлайн-кинотеатрының бастамасымен жүзеге асқан Unico Play Lab жобасының білім беру кезеңі аяқталды. Жоба жаңа авторларды дамытуға және индустрияда креативті қауымдастық қалыптастыруға бағытталған.
Unico Play Lab бірнеше бағытты біріктіреді: Jazu Lab сценарийлік зертханасы, Sheber қысқаметражды жобалар питчингі, Qysqa қысқаметражды кино платформасы, сондай-ақ индустрия сарапшыларының қатысуымен өтетін білім беру мастер-кластары. Жоба жаңа таланттармен жүйелі жұмыс істеу үшін іске қосылды: тек оқыту ғана емес, сонымен қатар контент өндіру мен дистрибуция арқылы индустрияға нақты жол ашу көзделген.
Бағдарламаның негізгі білім беру бағыты — Jazu Lab сценарийлік шеберлік курсы болды. Бағдарлама аясында 120-дан астам өтінім қабылданып, олардың ішінен 34 қатысушы іріктелді. Емтихан нәтижесінде финалдық кезеңде 17 адам қалды.
Оқу барысында қатысушылар дәрістерден өтіп, киноиндустрия өкілдерінің қатысуымен өткен тоғыз мастер-класқа қатысты. Спикерлер қатарында Дархан Төлегенов, Диас Бертис, Қуаныш Бейсеков, Майя Искакова және басқа да мамандар болды. Бағдарлама сарапшылар алдында өткен жобалар питчингімен және сценарийлік әзірлемелерді қалыптастырумен аяқталды.
Білім беру бағдарламасымен қатар Sheber 2.0 менторларының қатысуымен ашық мастер-кластар сериясы өтті. Оған режиссерлер, продюсерлер және сценаристер қатысып, идеяны дамытудан бастап жобаны фестивальдер мен платформаларға шығаруға дейінгі тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы алғанда, қатысушыларды нақты өндірістік процестерге дайындауға бағытталған 11-ден астам кездесу өткізілді.
15 сәуірде Sheber бағдарламасына өтінім қабылдау аяқталды — жалпы саны 503 өтінім келіп түсті. Іріктеу аяқталғаннан кейін менторлар қатысушылармен жұмысын бастады.
Unico Play Lab аясында жобалардың практикалық жүзеге асуына ерекше назар аударылады. Sheber бағдарламасының қатысушыларына толық цикл бойынша қолдау көрсетіледі — сценарий әзірлеуден бастап фестивальдік ілгерілетуге дейін. Қазіргі таңда түлектердің жобалары халықаралық кинофестивальдерге ұсынылып, салалық алаңдарда іріктеуден өтуде. Фестиваль кезеңінен кейін фильмдерді Unico Play платформасындағы Qysqa бөліміне орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар қысқаметражды кино бағытын дамыту аясында Unico Play платформасында Qysqa топтамасы қалыптастырылды. Қазіргі таңда оған тәуелсіз режиссерлердің және ұлттық студиялардың жобаларын қоса алғанда 100-ден астам фильм енді. Бұл топтама жергілікті қысқаметражды контентті дистрибуциялаудың маңызды алаңына және жаңа авторлар үшін индустрияға кіру нүктесіне айналып отыр.
Unico Play Lab — платформаның жергілікті контентті дамытуға және жаңа авторларды қолдауға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі. Жоба білім беру, өндіріс және дистрибуцияны біріктіретін тұрақты экожүйе қалыптастырып, индустрияның дамуына ықпал етеді.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында Unico Play зертхананы дамытуды жалғастыруды жоспарлап отыр: Jazu Lab-тың жаңа ағынын іске қосу, Sheber 2.0 бағдарламасын дамыту және индустрия сарапшыларын тарта отырып білім беру форматтарын кеңейту көзделген.